«Еріктілікті тастасақ, бұл соғыс аяқталды дегенді білдіретін болады»

«Еркіндік Періштелері» жобасының еріктісімен жүргізілген сұхбат

17 ақпан 2023

Зүлфия
Зүлфия — БҰҰДБ (БҰҰ Даму Бағдарламасы), ФАО жобаларының жоба менеджері, PR саласында кеңесші, бұрын журналист ретінде қызмет еткен. «Еркіндік Періштелері» жобасына Зүлфия құрылған сәттен бастап келді деуге болады, яғни шамамен бір жыл бұрын. Біз онымен «ұзақ қашықтықтағы» ерікті бола тұра қалай қалжырап кетпегендігі туралы, және жоба қатысушыларды қалай өзгертетіні туралы сөйлесіп көрдік.
Командалық жұмыстан келетін сол бір сезім, осы адамдардың барлығы бұл жерде игі іс атқару үшін жиналғандағынан туындайтын сезім, және мен солардың бір бөлігімін — бұл қатты жігерлендіреді.
«Еркіндік Періштелері» жобасына қалай келдіңіз?
— Соғыс басталысымен мен Украинаны қолдауға арналған гуманитарлық Штабтың ватсап-чатына қосылдым, және онда ақпарат қызметінің еріктісі керек екендігі жайлы сұраныс көрдім. Мен бірден жауап қаттым, өйткені бұл жағынан көмектесе алатынымды түсіндім. Үйлестірушілермен байланысқа шықтым, олар маған атқару керек міндетті түсіндірді, сонымен мен Инстаграмда @help_ukraine_kz аккаунтың аштым. Ол қазір де жұмыс жасайды. Оның үстіне, ол «Еркіндік Періштелері», қайырымдылық маркет және басқа да жобалар тармақталған бүтін бір «шатырлы брендке» айналды. Мен Украинаны қолдауға арналған гуманитарлық Штабтың бастауында тұрдым деп айтуға болады.
Яғни сіз жобаны әлеуметтік желілерде жарнамалаумен айналысасыз ба?
— Ең басында Штабта мен SMM-мен айналысқан болатынмын, ал кейін бұл міндетті басқаларға тапсырып, іс-шараларды ұйымдастырумен айналыса бастадым. Біз Украинадағы қазақ диаспорасымен бірге Украинаны қолдауға бағытталған қайырымдылық концерт ұйымдастырдық. Украинадағы қазақтар ең көп жапа шеккен аумақтарда — Бучада, Ирпенде — қайырымдылық түскі ас өткізген болатын. Мысалы, біз жинаған ақшаның көмегімен олар Бучада адамдарды бауырсақ, палау сияқты қазақтың ұлттық тағамдарымен дәм татқызып, қайырымдылық түскі ас ұйымдастырған болатын. Оған қоса, гуманитарлық көмекті алып келді — ұзақ уақытта сақталатын азық-түлікті, жеке гигиеналық заттар. Біздің есептеуімізше, олардың жолға шығуы орташа есеппен 300 мың теңге тұрады. Сондықтан сол концертті біз осындай бір жолға шығуға қаражат жинау үшін ұйымдастырдық. Біз жоспардан асып, 600 мың теңге жинадық.
Өйткені біз еріктілікті тастасақ, бұл соғыс аяқталды дегенді білдіретін болады. Сондықтан қалай болғанда да жалғастыратынымды мен кәміл білемін.
Ал кім өнер көрсетті?
— Қазақстандық әртістер өнер көрсетті, тегін. Бәрі еріктілер күшімен ұйымдастырылды, әртістердің өздері ерікті болды деп айтуға болады. Кафе иегерлері де бізге пайдалануға тегін алаң берді, яғни барлығы ерікті бастамамен жасалған болатын.
Сіздер оларға түскі ас өткізгенде, адамдардың реакциясы қандай боллы?
— Өте жылы алғыс сөздерін алдық. Қазақстаннан да үлкен кері байланыс болды. Айтпақшы, біз Украинамен тікелей эфир жүргіздік, ол өте әсерлі өтті. Олар, сол жерде тұратын қазақтар, ресейлік әскер артқа шегінген кезде Киев облысындағы өз үйлеріне қалай оралғандығы туралы айтып берді.
Қазір де іс-шаралар өткізіп жатырсыздар ма?
— Жоқ, мен ұйымдастырған соңғы іс-шара бұл өткен жылдың тамызында біз Украинаның Тәуелсіздік күніне арнап өткізген «Вышиванкаларда жүгіріс». «Жүгірісті» ережеден тыс жайт деп айтуға болады, бірақ қатысушылардан жиналған қаражат та черниговалық мектептің бомбапанасын жөндеуге кеткен болатын. Кейін менің өзімнің жұмысым тым көп болғандықтан, іс-шараларды ұйымдастырудан тыс қалдым. Қазіргі таңда мен жоба менеджері ретінде ерікті болып жұмыс атқарамын. Менің ең басты мақсатым — «Еркіндік Періштелері» жобасының маркетинг командасының апталық жиналысын ұйымдастыру. Әр жексенбі сайын біз онлайн жиналамыз, мен кім не істегенін тыңдап, өзім follow up notes деп атайтын жиын өткіземіз — қандай сұрақтарды талқылағанымызды, кім әр сұраққа байланысты жауапты екенін жазып аламын және чатқа барлығына келесі аптаға атқару керек міндеттердің тізімін жіберемін.
Зүлфия вышиванкада.
Фото: © Дания Ахметова
Осы жобаға неге қатысқыңыз келді? Көмектесуге ынта қашан пайда болды?
— Украинаға 24 ақпан күні жасалған шабуыл мені қалай есеңгіреткені жақсы есімде. Менің жігітім — Бельгиядан, ол Қазақстанға одан бірнеше күн бұрын ұшып келген болатын. Оның анасы қобалжыған еді: «Мүмкін Қазақстанға бармағанын жөн болар? Соғыс басталады дейді, Ресей Украинаға шабуылдайды». Ол кезде оның қауіптенуі негізсіз болып көрінді: «Қалайша? Жоқ, бұл мүмкін емес! Анам әсірелеп тұрған болар». Сонымен жігітім ұшып келді, айтқандай болды. Болып жатырған оқиғалар шынайы емес сияқты әсер туды. Менде, және тек менде ғана емес, бір нәрсе істеуге, қалай да болсын көмектесуге құлшыныс пайда болды. 24 ақпан күні барлық қазақстандықтар гуманитарлық көмек көрсетіп, қолдағы бардың барлығын алып келгенін атап өту керек. Украина елшілігінде ол кезде нағыз дүрмек, хаос болды. Сондықтан осының барлығын ұйымдастыратын еріктілердің қажеттігі туындады. Менде де барлығындағыдай құлшыныс пайда болған шығар. Осы бір әділетсіздік сезімі — әсіресе, өз өмірін сүріп жатырған қарапайым адамдарға кенеттен соғыс келгендігі — осы әділетсіздік оларға қолдау көрсету ниетін туғызды. Украиндықтарға олар жалғыз еместігін көрсету мен үшін өте маңызды болды.
Соғыс басталғанына жақын арада бір жыл болады, көбі осы шынайылыққа үйреніп кетті, еріктілік белсенділігінің төмендеуі табиғи нәрсе. Бұны Қазақстанда байқап отырсыз ба және өзіңізден шаршанқылық сезіңесіз бе?
— Иә, шаршанқылық сезіледі. Бұл менің ерікті ретіндегі ең алғаш тәжірибем, және мен көп нәрсені түсіндім — еріктілік қызметі жөнінде. Бұдан тез қалжырап кету оңай. Біріншіден, тақырыптың өзі өте күрделі. Мен бірде еріктілікке қанша уақыт бөле алатынымды өзіме шешіп алдым (өзіммен нағыз шынайы болатындай), мен де қалжырамай, бастаған жұмысымды да жалғастыра алатындай мөлшерде. Бір жолы отырып, бар уақытымды бағалап, еріктілікке әр жұма сайын екі сағат жұмсай алатынымды түсіндім. Осылайша, менде өте нақты жұмыс уақыты пайда болған кезде, менің де жүгім жеңілдей түсті. Мен көмектескенімді, сонымен қатар өзіме де зиян келтірмегенімді, қазіргі сәтте қолымнан келген максимумды жасағанымды түсінемін. Және де бұл көмек көрсетуді жалғастыруға мүмкіндік береді. Көмектесемін деп зорығып, кейін еш күшсіз жатып қалып, барлығын тастап кетуге емес. Менің пікірімше, белгілі бір, бәлкім, шектелген уақыт мөлшерінде көмектесіп, бірақ бұны жүйелі түрде, ұзақ уақыт бойы жасау әлдеқайда пайдалырақ.
Ал сіздің Украинамен қандай да болсын байланысыңыз бар ма?
— Жоқ, Украинада менің не туысым, не досым да жоқ. Мен ол жерде тек бір рет қана болдым, жол-жөнекей.
Еріктілікті тастап кету туралы ой сізге келмеді ме?
— Мен өзіме басынан бастап айтқанмын, біз барлығымыз да бұл еріктілікті тастағымыз келеді. Өйткені біз еріктілікті тастасақ, бұл соғыс аяқталды дегенді білдіретін болады. Сондықтан қалай болғанда да жалғастыратынымды мен кәміл білемін. Бәлкім, қарқындылық азаяр, бәлкім күшейер. Бірақ мен қолымнан ең жақсы келетін істі жасайтынымды білемін.
— Жобада жұмыс жасаған уақыт ішінде ең қиыны және ең жағымдысы не болды?
— Ең қиыны — басқалардың қажуымен бетпе-бет келу. Адам шабытқа толы, идеялары көп екенін көресің, ал кейін ол жоғалып кетеді, хабарламаларға жауап бермейді, бұл, әрине, бәрінен де қатты көңіл түсіреді. Алайда сонымен бірге мен біріншіден барлығы — еріктілер және барлығын өз еркімен жасайтынын, екіншіден, әрқайсысының өз еңбек ету шегі бар екенін түсінемін. Сондықтан адамдардан барлығы мінсіз болатынын күте алмаймын. Ал ең жігерлендіретіні — адамдардың құлшынысын көру, әсіресе жақсы орындалған жобадан кейін. Мысалы, біз түскі астарға қаражат жинауға байланысты жоспардан асып түскен кезде. Бұл нағыз эйфория болды. Немесе аталмыш вышиванкаларда жүгіріс, қосымшада бір-бірімізбен хат жазысып, нәтижелерімізді бағалап, бірімізді біріміз құттықтаған кезде. Командалық жұмыстан келетін сол бір сезім, осы адамдардың барлығы бұл жерде игі іс атқару үшін жиналғандығынан туындайтын сезім, және мен солардың бір бөлігімін — бұл қатты жігерлендіреді.
Шаршағанға қарамастан, жаңалықтарға қарамастан, бізге зорлап таңғысы келетін көзқарасқа қарамастан, «барлығы бос үміт, қараңғы түнек»деген ойлардың оқтын-оқтын маза бермейтініне қарамастан, олар — «Еркіндік Періштелері» — маңызы бар екенін көрсетеді. Және мен олар арқылы осы үмітті басқа адамдарға сыйлаймыз деп үміттенемін.
Өзіңізді таң қалдырған не сізде әсер қалдырған оқиғалар бар ма?
— Қазақстанға Украинадан, Ресейден еріксіз көшіп келген адамдардың бастан өткен оқиғалары әсер қалдырды. Белгілі бір оқиғаны ерекшелеп атап өту қиын, барлығы да ортақ «жаңа» шынайылыққа тоғысқандай. Мен секілді өмір сүріп, болашаққа жоспар құрып,тұрған жерлерінде тұрмысын жөндеп орныққан қарапайым адамдар барлығын тастап, өмірін толықтай өзгертіп, бұрын көбі ешқашан болмаған елге көшіп келуге мәжбүр болғаны әсер етті.
Сізді ерікті ретінде өткізген осы жыл өзгертті ме?
— Иә, өзгертті деп ойлаймын. Менің көптеген жаңа таныстарым, бәлкім тіпті достарым пайда болды. Ой-өріс, жан ашу, эмпатия деңгейі өседі. Өзімнің де қарым-қатынастарыма көшіре алатын эмпатия. Ал менің өзіме алған түйінім… қандай жағдай болмасын, ешқашан берілмеу керек, әрқашан таңдау жасауға болады — жақсылықтың жағына тым болмаса бір нәрсе жасау. Яғни, жігерсіз «барлығы осыншама жаман, ешбір үміт сәулесі көрінбейді» — деп отыру ғана емес, бірақ жағдайдың жақсаруына тым болмаса осы ісіммен өзімнің үлесімді қоса алатынымды түсіну. Егер мектептерді қалпына келтіруге бағытталған мына көмек бомбадан зардап шеккен украиндықтарды, балаларды қиын кезеңде қолдайтын болса, бұның өзі бекер емес, бір ғана болсын жақсы нәрсе орын алды деген сөз.
Сөйлемді аяқтаңызшы: «Еркіндік Періштелері – бұл…»
— Мен үшін «Еркіндік Періштелері» — барлығы да жақсы болады дегенді білдіретін үміт сәулесі. Шаршағанға қарамастан, жаңалықтарға қарамастан, бізге зорлап таңғысы келетін көзқарасқа қарамастан, «барлығы бос үміт, қараңғы түнек» деген ойлардың оқтын-оқтын маза бермейтініне қарамастан, олар — «Еркіндік Періштелері» — маңызы бар екенін көрсетеді. Және мен олар арқылы осы үмітті басқа адамдарға сыйлаймыз деп үміттенемін.
Автор: Татьяна Правдина
Еркіндік Періштелері
Еріктілермен сұхбаттар