«Біз бірлікте болсақ қиындықты оңай еңсереміз»

«Еркіндік Періштелері» жобасының еріктісімен сұхбат

5 мамыр 2023

Аэлита
Аэлита мемлекеттік мекемеде жұмыс істейді. Оның айтуынша, ол қарапайым кеңседегі қызметкер. Бірақ оны жақынырақ таныған кезде мұндай пікірмен келісу қиын. Аэлитаның «Еркіндік Періштелері» жобасына көмектесіп жүргеніне жыл болып қалды. Ол жәрмеңке я толоканы жібермейді, бәріне қатысады. Біз Аэлитамен волонтер өмірінің қуанышты және қайғылы сәттері туралы әңгімелесіп, жобада әлі күнге дейін қалуының себебін сұрадық.
Еркіндік Періштелері — бұл жарық. Бұл — білім, ағартушылық. Елдің болашағы. Бұл — әрқайсымыздың бір бөлшегіміз.
— Аэлита, сіз жобада немен айналысасыз?
— Мен «періштелерді» жасаймын деуге болады. Мектептерді қалпына келтіру үшін донаттар жинайтын жәрмеңкеге қатысамын. Соңғы уақытта балабақшаларды қалпына келтіру үшін атсалысып жүрміз.
— Сіз жобаның басынан бері барсыз ба?
— Шынымды айтсам, жобаның қашан басталғанын білмеймін. Бірақ мен өткен жылдың маусымынан бастап қатысамын. Соғыс басталған кезде біз Украинаның Астанадағы елшілігіне алғашқы гуманитарлық көмекті жеткіздік. Содан бері мен ерікті ретінде бардым — заттарды жинауға, орауға, жүктеуге көмектестім. Көп адам болдық. Тіпті бір-бірімізбен танысқан жоқпыз, егер таныссақ, кімнің аты кім екенін есте сақтай алмайтынбыз. Өйткені танысуға, сөйлесуге уақыт болмады, бәріміз автомат болып жұмыс істедік. Оның үстіне, қыс, суық, соғыс. Бұл сұмдық! Бәріміз шок болдық, оны білесіз.
— Сіз «Еркіндік Періштелері» жобасына қалай келдіңіз?
— Мен бұл туралы гуманитарлық көмек штабы арқылы білдім. Еріктілер осындай жоба барын айтты. Солармен келдім. Ең алдымен жобаның мақсатын түсіндірді. Біздің үйлестірушілеріміз украиналықтар екені білдім. Айталық, Ирина — ол Чернигова қаласынан шыққан, біз мектептер мен балабақшаларға көмектесеміз. Ол бәрін айтты, көрсетті және біз де көмектесе бастадық. Украинадан келген ерлі-зайыптыларға қарап: «оларға бізге қарағанда он, жүз есе ауыр» деп ойлаймын. Мен үшін көмектесу оңай. Ал олар үшін бұл қаншалық қиын?
Украинадан келген ерлі-зайыптыларға қарап, бізге қарағанда оларға он, жүз есе ауыр екенін ойлаймын. Менің көмектескенім маған түк емес болуы мүмкін, ал оларға қалай қиын?
— Сізді отбасыңыз қолдай ма?
— Менің туыстарымның арасында көмек пен қолдау туралы айтқанда келіспеушіліктер болады. Кейбірі, мысалы, менің немере ағам Ресей президентіне таңданатынын енді білдім. Бізде ресейлік телеарналар кең таралған. Қазір теледидар басты рөл атқарады және насихат жұмыс істейді. Мен өзімді де айта аламын. Көптен бері ешкіммен былай ашық сөйлеспеп едім (күлімсіреді – авт.), бірақ мен де ресейлік арналарды көрдім. Осыдан жеті жыл бұрын, тіпті екі жоғары білімім болса да, «ресейлік саясаткерлер қандай керемет» деп ойлайтынмын. Ал, қазір... не болып жатқанын көріп отырмыз!
— Ал сіздің көзқарасыңыз қашан өзгерді?
— Соғыс басталғанда ішім алай-дүлей болды. Тіпті қорқынышты түсімде де мұндай қорқынышты болмаған шығар. Бұл жоба қайырымды істі қолдайды, білім, ағартуды қолдайды, сол үшін келдім. Адамның рухани байлығын арттырады. Біздің жастарымыз бұл идеяны қолдайды. Бәрі жанашыр. Мектеп үшін қайырымыдылық жинаймыз деген ниеті тез тарайды. Бұл — менің көзқарасым. Жастармен сөйлескенде: «қазақстандық балалар мектепке барғысы келе бермейді, ал украиналық балалар мектепке бара алмай жүргеніне жылдан асты» деймін. Олар ойлана бастайды. Ал, 45+ жастан асқан ересектерге түсіндіру қиындау. Олар «көмек діттеген жеріне жете ме?», «Қайда және не үшін жұмсалады?» деп сұрайды.
— Жәрмеңкелерде адамдармен әңгімелесіз, оларға не жеткізгіңіз келеді?
— Біз соғыс қимылдарынан алыста болғандықтан және оның болып жатқанына жылдан асқандықтан, адамдардың сезімі бәсеңдейді. Олар соғысты алыстан қабылдайды. Ал мен бомбаның үйге түскенін көз алдыма елестетемін… Мысалы, мен Астанада тұрамын, жұмыс істеймін. Үйді ипотекамен алдым… Ақпанда тағы бір гуманитарлық көмек жүктелгеннен кейін үйге кеш қайттық. Суық, жел, қар болды. Сол кезде ойланғаным есімде: менің баратын жерім бар. Жалдамалы пәтер болса да, онда су, жарық, жылу бар. Ал олардың баратын жері жоқ. Ал, ол жақта адамдар ипотека үшін 10 жыл ақша жинап, енді пәтер алған және IKEA-дан перде, үстел, орындық, шам алып, оны тастап кетуге мәжбүр болды. Оның ипотекасын 10 жыл төледі және ол қирап қалды. Сұмдық қой! Мен мұны үнемі елестетіп көремін. Үрей үшін емес. Мақсатымды біліп, көмек көрсету үшін жасаймын. Қазір сен тоқсың, киімің бүтін, жылы кабинетте отырсың, интернетің, компьютерің, зарядкамен телефоның, дәретхана, ыстық суыңа дейін бар. Ал олардың ештеңесі жоқ. Міне, осы менің көмектесуіме түрткі болады. Мыңдаған шақырым жердегі балалар мектепке барғысы келеді. Ең бастысы — осы. Біз ісімізді істеп, шаршамауымыз керек. Өйткені ол жақта біздің көмегімізге қазір мұқтаж. Толокаға да оларға көмектесу үшін барамыз. Мешітке барып, Жаратқаннан көмек те сұрайсың.
Аэлита Garage Fest жәрмеңкесінде.
2023 жылғы, сәуір
— Мүмкін, волонтер болуды дұға ету деп атауға да болатын шығар.
— Иә. Тағы бір мәселе бар. Қазақстанда Украинада мықты киіз үйлер салатын көптеген ауқатты адамдар, кәсіпкерлер бар. Ал, біз бұл жақта қарапайым адамдармыз, мұндай қаржылай және физикалық мүмкіндігіміз жоқ. Бірақ әрқайсымыз қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Дұға да сондай, оның да пайдасы бар.
— Украинаға көмектесу үшін өздерінің ізгі ойымен әрекет ететін миллион адам, бір адамның миллион долларынан кем емес шығар.
— Иә, әрине.
— Жобаға қатысқан адамдарда қандай да бір өзгеріс байқала ма?
— Волентерлардың жаңа таланттарын көріп жатырмыз. Мысалы, 45 жастағы бірәйел ешқашан гипс ұстап көрмеген, бірақ ол гипстен тәрелке, құмыра жасап бастады. Мұның бәрі көмектескісі келген ниетінен туындап отыр. Ал, жалпы Қазақстан азаматтары соғыстан кейін ресейлік қалаларды, өңірлерін біле бастады. Ресей мен Украинаның тарихын үйрене бастады. Ресейде біздің жазушыларымыз, ақындарымыз, суретшілеріміз туралы көп адам білмейтінін білдім. Ал біздің балаларымыз орыс шазушылары және суретшілерімен бала күннен танысады. Ресейден келген жас буын біздің ел туралы мүлдем білмейді екен. Біздің балаларымыз орысша да, қазақша да жақсы сөйлейді. Және ресейліктердің көбі Таиландта бірнеше рет болса да, не Астанаға, не Алматыға бір рет те келмеген. Біз көрші болсақ та. Сонда ресейліктер соғыстан кейін өздеріне жаңа әлемді — ТМД-ны ашып жатыр. Қазақстанның да музыканттары, суретшілері, туристік орындары, бірегей табиғаты барын біліп жатыр.
— Жобадағы волонтер өміріңізде есте қалған сәтті бөліссеңіз. Кімдер есіңізде қалды?
— Бәрінен бұрын бір адам есімде қалды. Оның аты — Наталья. Қазір ол Польшаға кетіп қалды. Этникалық украин, бірақ ұзақ уақыт Оралда (РФ аймағы) тұрған. Университеттерде жұмыс істеген. Ол «Украина — менің этникалық Отаным, ал Ресей — өмірімнің көп бөлігі өткен ел» дейтін. Осында келгенде біздің қатарымызға қосылды. Соған қарап мен жобада өзімізге жаңа таныс, жаңа оқиға табатынымызды түсіндім. Украинадан келген ерлі-зайыптыларға қарап, бізге қарағанда оларға он, жүз есе ауыр екенін ойлаймын. Менің көмектескенім маған түк емес болуы мүмкін, ал оларға қалай қиын? Үйінен жырақта жүріп, елде қалған жақындарын уайымдайды. Күнде олардан жаңалық естиді. Кейде ол хабар жақсы болуы мүмкін, кейде керісінше. Соның бәріне қарамастан олар келіп көмектеседі. Осындай адамдарға қарап тамсанамын.
Наталья, Аэлита және Кристина
Әсемгүл мен Аэлита жәрмеңкеде
«Еркіндік Періштелерінің» жаңа кеңсесі
— Демек, «Еркіндік Періштелері» түрлі ұлт өкілдеріне бір-бірін түсінуге көмектеседі ғой?
— Әрине. Қазақстан азаматы ретінде сырттан келген еріктілердің менің еліме, қалама, ұлтыма деген құрметі үшін алғыс айтамын. Олар бірдеңе ұнамайды деп айтпайды. Біздің еліміздің де өз кемшіліктері мен артықшылықтары бар. Олар өздері осында болғанымен, жүрегі елінде. Оларға тамсанамын. Біздің үйлестірушіміз Иринаның өзіне тамсанамын. Ол — жігерлі, ұстанымы мықты жан. Жобаның басынан бері қанша қиындықтан өтті. Оның үстіне, біздер штаттағы қызметкер емеспіз. Олар мұның бәрін ескеріп, бізбен жақсы қарым-қатынас құрды. Бізді түсінеді, құрметтейді. Бұл — өте маңызды.
— Аэлита, жобадағы қуанышты сәттердің бірін бөлісе аласыз ба?
— Ең қуаныштысы, біз үш күнде миллион теңге жинағанымыз болды. Командамыз екі жәрмеңкеде қатар жұмыс істеді. Сондай үлкен жетістік болды. Тағы бір қуанышты сәт – Черниговтен келген видео. Онда біз жіберген қаржыға мектеп үшін жабдық алғаны түсірілген. Жабдықтарды көліктен түсіріп, мектепке кіргізді. Сол кезде жылағым келді. Көбіміз, тіпті, жыладық. Себебі бұл үлкен жұмыс және бұған ұзақ жеттік.
— Ал, қиыны?
— Ең қиыны… соғыстың басталғаны шығар. Бұл сезім әлі кетпеді, себебі соғыс аяқталмады. Сен үнемі сол оймен жүресің. Жеке өзім, волонтер ретінде, адамдардың соғыстан шаршағанын көріп, жаным күйзеледі. Соғысқа қатыспасақ та, сондай ауыр сезім бар. Жүрек езіледі. Адамдар ол жақта соғыс болып жатқанына да үйренісіп кеткендей. Жәрмеңкеде тұрғанда жастар келіп: «Аааа, Украина. Білемін. Соғыс әлі аяқталған жоқ па?» дегенде, қиналамын. Маған ауыр тиеді.
Ойланып көріңізші, ол жақта адамдар ипотека үшін 10 жыл ақша жинап, енді пәтер алған және IKEA-дан перде, үстел, орындық, шам алып, оны тастап кетуге мәжбүр болды. Оның ипотекасын 10 жыл төледі және ол қирап қалды. Сұмдық қой! Мен мұны үнемі елестетіп көремін.
— Волентерлықты жалғастыруға күшті қайдан аласыз және қатты шаршайтын кездеріңіз бола ма?
— Жоқ, қатты шаршамаймын. Себебі сен баруың керек, әрекет етуің керегін білесің. Мен жер қазып, шахтада жүрген жоқпын ғой. Ал жоба күш береді... маған осылай оңай. Біз бірлікте болсақ қиындықты оңай еңсереміз. Қазақта «көппен көрген ұлы той» деген мақал бар. Егер сен көпшілікпен бірге болсаң, онда кез келген қиындық, ауыртпалық оңай өтеді. Себебі біз біргеміз.
— Сіз өзгердіңіз бе? Жоба сізді өзгертті ме, қалай?
— Мен үнсіз қалуды үйрендім. Біздің елімізде Украинаға көмек бар. Әркім қолдан келгенше көмектесіп жатыр, бірақ бәрі жария етпейді. Кейбір танысым мені еріккен деп ойлайды. «Күйеуің, жеті балаң, ата-енең, ит-мысығың жоқ болған соң жүрсің» дейді. Сондықтан мен жобаға қатысып жүргенімді жұмыста, үйде, автобуста не басқа жерде айтпаймын. Мен мінсіз әскер секілді, жұмысымды істеймін. Жоба – менің екінші жұмысым сияқты. Және мақсатым бар, түсінесіз бе? Бірінші жұмысымда ақша тауып, пәтер алу мақсатым болса, мұнда бомбадан қорғанатын орын дайындауға атсалысу. Тағы бір мектеп, тағы бір балабақша сондай көмек алса деймін. Мақсат болған соң бәрі оңай.
Тағы біз мейірім таратып жатқанымызды ұмытпауымыз керек. Арамызда жақсы, мейірімді, қарапайым адамдар көп. Себебі бәрімізді мейірімге және қайырымға толы идея біріктіреді. Бір танысым жоба жаман адамдарды жинамайды деп айтқан, тура солай.
— Аэлита, жобадаға қандай шаралар болады? Соңғы уақытта қандай шаралар болып жатқанын айтып берсеңіз…
— Біріншіден, біз Астанада жаңа кеңсеге көштік. Екіншіден, хакатон өтті. Біздің жобамызға IT-қосымша жасау үшін жастардың арасында конкурс болды. Хакатонға Қазақстанның түкпір-түкпірінен жастар, талантты ІТ мамандары келді. Содан кейін біз балалардың толокаларын өткізе бастадық. АҚШ елшілігінде толока өтті, оған елшінің өзі қатысты. Біз Астанадағы Human Rights Hub құқық қорғау ұйымының кеңсесінде «Еркіндік Періштелері» жобасын таныстырдық. Осы өткен әр оқиға дамудың жаңа кезеңі деуге болады. Содан кейін бізде TikTok аккаунты ашылды. Қайырымдылық мастер-кластары, дәрістер де өтеді. Біздің волонтерлар жасайды. Польшаға кеткен Наталья Украина, украин тілі, мәдениеті, дәстүрлері туралы дәріс оқыды. Бізде украин киносы көрсетілетін кино кештері де болды. Мұның бәрі біріктіреді және дамытады.
Украинаның суретшісі Анна Ганжулдың шеберлік сағаты
Соғысқа қарсы кино туралы дәріс
Хакатонның финалы
— Жәрмеңкеге алғаш қатысатын жаңадан келген волонтерларға қандай кеңес айтасыз? Кәделі сөзіңіз бар ма?
— Кәделі сөз — біз ортақ іс үшін осындамыз және бұл керемет екенін есте сақтау. Біздің мақсатымыз бар екенін ұмытпау және қорықпау. Бірақ олардың арасында қорқатындары бар, әрине. Себебі волонтерлар әртүрлі. Яғни, біздің арамызда қазақтар да, ресейліктер де, украиналықтар да бар. Олардың кейбірі қысылады, ұялады, себебі олар бұған дейін басқа елдің азаматтарымен жиі қарым-қатынас жасап көрмеген. Және біз мейірім жасап жатқанымызды ұмытпауымыз керек.
«Еркіндік Періштелері бұл...» ойды жалғастырыңыз.
— Бұл жарық. Бұл — білім, ағартушылық. Елдің болашағы. Бұл — әрқайсымыздың бір бөлшегіміз.
Автор: Татьяна Правдина
Еркіндік Періштелері
Еріктілермен сұхбаттар