«Еркіндік Періштелері» жобасының еріктісімен сұхбат

«Зұлымдықты жеңу үшін көп мейірім қажет»

24 шiлде 2023
Анна
Анна — төрт баланың анасы. Оның өмірінде Украина мен Ресей бір-бірімен тығыз байланысты — қайбір жылы екі ел де оның үйі, жоспар құрып, армандарын іске асыратын мекені болды. Бірақ өткен жылдың шілдесінде Анна отбасымен Қазақстанға көшіп келді. Өмірінің жаңа парағын «Еркіндік Періштелерімен» ашты. Біз Аннамен сұхбаттасып, жобаның ол үшін маңызы және періште жасау — кішкентай әрекеттен көмектесу деген үлкен ниеттің қалай пайда болатыны туралы әңгімелестік.
— Анна, сәлеметсіз бе! Қазақстанға қалай келдіңіз және «Еркіндік Періштелері» жобасына қалай қосылғаныңыз туралы айтып берсеңіз.
— Мен украинмын, 25 жасыма дейін Бахмут қаласында тұрдым. Менің туған үйім сонда. Ата-анам бірнеше ай бұрын ғана сол қаладан көшті. Әжем әлі де Бахмуттың маңындағы ауылда тұрады, кеткісі келмейді. «Осында өмірім өтті, мұнда ешкі, үш итім, мысығым бар» дейді. Әкем ауылға гуманитарлық көмек тасып жүр, далалық жер арқылы жеткізеді, әзірге солай ғана мүмкін. 2010 жылы мен украинға тұрмысқа шықтым, бірақ ол — Ресей Федерациясының азаматы. Тұрмысқа шыққан соң Подмосковьеге жолдасымның қасына көштім. Ал соғыс басталғанда Ресейден кетеміз деп шештік. Әрекетсіз отыру мүмкін болмады.
Анамның айтуынша, дабыл аяқталғанда балалардың «Алақай! Шығуға болады» деген дауысы естіледі екен. Сонда балалардың аман қалғаны — сондай бақыт. Және біз мұнда, «Еркіндік Періштелері» жобасында, дәл сол үшін жиналамыз.
— «Еркіндік Періштелері» жобасымен қалай таныстыңыз?
— Инстаграмнан тапқан алғашқы жоба болды. Ол кезде жұлдыздардың қатысуымен қайырымдылық концерті туралы анонсты көрдім. Қазақстанның музыканттары Украинаны қолдау үшін өнер керсетті. Жолдасыммен бардық, жобадағы азаматтармен таныстық, сол жерде алдағы шаралар туралы білдік. Бір күрсініп алдық. Біздің көзқарасымызды түсінетін, соғыстың не екенін түсінетін адамдарды тапқаныма өте қуаныштымын.
— Алғаш қатысқанда қандай әсер алдыңыз? Толока болды ма?
— Иә, періште жасаудың өзі медитация және тыныштандыратын процесс секілді. Ал, жылы шырай, қолдау үшін айтылатын әңгімелермен жасау тіпті керемет (жымияды). Басында жалғыз келіп жүрдім, кейін ұлым Артём қосылды. Ол 10 жаста. Оған ұйымдастырылуы, адамдар қатты ұнады. Содан кейін жәрмеңкелерге жиі қатыса бастадық. Ол жақта кейде еріктілер аздық етеді — соған көбірек көңіл бөлу керек болды. Бірақ жәрмеңкелер маған сәл қиындау болады.
— Неге?
— Адамдармен көбірек араласуға тура келеді, ал қызметіміз әртүрлі. Кейін соның бәрін өзің сезінесің. Соғыс жеке өзіңе әсер етпесе, болып жатқан жағдайды қабылдау жеңіл болады.
— Ал сізге?
— Мен әр кез жағдайды еске аламын да, ата-анамның шаңырағы қирағанын түсінемін. Ата-анамыз бізді жұбатып, қолдау көрсеткенмен, олардың үміті үзіліп, болашығына балта шабылғандай сезім бар. Адамдардың өмір бойы құрғаны, жасағаны — бәрі жойылды, ұмытқа айналды. Енді жаңа өмір бастап, сонымен өмір сүру керек… Мұндай оймен өмір сүру қиын. Сондықтан бір-бірімізге демеу болып, адами қарым-қатынасты сақтап қала аламыз. Мұнда ең бастысы — адамдар. Сенің жақындарыңның басынан кешіп жатқан қиындықтарды сенімен бөлісетін адамдарды көргенде жеңілдеп қаласың. Менімен әңгімелескенде басқа фактілер айтып қалса, қатты ауыр тиеді. Дегенмен мен үшін бастысы — әрекет ету.
Көбіне адамдар толокаға келіп, «періштелерді» жасайды. Бұл бір ұшқын секілді.
— Сіз өміріңізде алғаш рет ерікті болдыңыз ба?
— Жоқ, бұған дейін ерікті ретінде тәжірибем бар. Біз екі жылға жуық иесіз жануарларға көмектестік. Ұлым екеуміз оларды тамақтандырдық, қоршауларын тазаладық, жобаға жарнама жасадық, үй жануарларын отбасыларға орналастырдық. Ал күйеуіммен өзендерді тазарттық.
— Бұл Подмосковьеде болды ма?
— Иә. Бірақ соғыс басталғаннан кейін мұның бәрі түкке тұрғысыз, сондай ұсақ болып қалды. Адам өмірінің бағасы болмағаннан кейін рухымыз түсті… Бәрі құнсызданғанын түсінесің. Қазір әр періштемен, әр донат сайын болашаққа деген сенім ояна бастады. Өмір сүргің келеді, көмектескің келеді. Ал, бәрі бір сәтте аяқталса ше? Бұрынғы өмірімізге қайта оралып, қайта армандай алсақ ше? Мен үшін бұл жоба жай ғана қаражат жинау емес, жай ғана балабақша, мектепке көмектесіп, бомбадан қорғанатын орын әзірлеуге көмектесу емес. Бұл — болашаққа деген үміт. Зұлымдықты жеңу үшін көп мейірім қажет. Біз болмасақ, кім жасайды деп есептеймін. Сондықтан жобаға келетін, бей-жай қарамайтын, көмектесетін барша жанға алғысым шексіз. Бәрінің өз орны, бағыты бар — біреу интернет-ресурстармен айналысады, біреу — ролик жасайды, біреу періште жасайды, біреу жәрмеңкеде тұрады.
Анна Астанада, 2022
Астанадағы жәрмеңке, 2023
Жәрмеңкедегі кеш. Періштелер
— Соғысты жақтайтындармен әңгімелесу, араласу сіз үшін ауыр болғанына қарамастан, бәрібір жәрмеңкелерге келесіз. Неге?
— Соғыстың менің өміріме қалай әсер еткенін өзім көрсетуім керек деп есептеймін: «міне, мен аманмын», «міне, ата-анам оқтан қорғанып жатыр». Анамның күнде Киевтегі өздері тұратын ауданына оқ атылды дегенін есту өте ауыр. Олар уақытша қоныс аударылған адамдар, пәтер жалдап тұрады, жұмыс істейді, жасы да егде тартып қалды. Иә, ата-анамыз балаларды атыс кезде шығаратынын айтады. Бірақ қорғанатын орын барлық үйде бар деп айта алмаймыз. Кей жерде балаларды жертөлеге түсіреді, кей жерде бомбадан қорғанатын орынға, кейде қорғануға болатын дәлізге шығарады. Анамның айтуынша, дабыл аяқталғанда балалардың «Алақай! Шығуға болады» деген дауысы естіледі екен. Сонда балалардың аман қалғаны — сондай бақыт. Және біз мұнда [«Еркіндік Періштелері» жобасында] дәл сол үшін жиналамыз. Бұл шын мәнінде қажет.
— Ал Қазақстанда сізге қандай рухани күш алға ұмтылуға қолдау көрсетеді?
— Адамдар. Бәрін түсінетін адамдар. Олардың көзіндегі аянышты, көмектесуге деген ниетін көргенде, олар тасжүрек емес екенін түсінесің және қуанасың. Рас айтам. Мен соғыс басталған кезде адам ең басты құндылық екенін түсіндім. Шындығында, кім қандай ұстанымда екені маңызды емес. Бәрі соғыстың жаман екенін, адам қай тарапты жақтағанына қарамастан, ешкімге пайдасы жоқ екенін түсінеді. Осындай жалпы түсінік, келісім жұбатады. Ал жобада мейірімді, көмектесуге құштар адамдар көп.
— Толокаға қатысушының ортақ портретін жасауға бола ма? Оған қандай адамдар келеді?
— Әртүрлі. Бәрі оқыған, мәдениетті, бәрінің көмектескісі келеді. Жергілікті тұрғындар да бар. Шолпан [жобаның Астанадағы үйлестірушісі] дұрыс айтады, қазақтар — өте қонақжай және достарына қиын сәтте көмектесу деген қасиеті — тарихи қалыптасқан дәстүр. Бұлардың ішінде Ресейден Қазақстанға көшіп келгендер де бар. Соғыс басталғанда Қырымнан кеткен қырым татарлары да бар. Түрлі ұлт өкілі кездеседі, бірақ олардың бәрін бір мақсат — мейірім мен әлемді жақсы жағына өзгерту деген ниеті біріктіреді.
— Ерікті болу, жұмыс және үй шаруашылығын қатар алып жүруге қалай үлгересіз?
— Негізінде мен ештеңеге үлгермеймін (күледі). Менің отбасым — менің көмекшілерім! Біз Қарағанды, Павлодарға еріктілермен барғанда үлкен балаларым кішкентайларға қарады. Иә, балаларым жақсы-жаманды ажырата алады. Олар соғысты соғыс деп атайды.
— Павлодардағы жәрмеңке туралы айтып берсеңіз. Сіздерді қалай қарсы алды?
— Өте қызық алаң — кафе болды. Адамдар таңғы асқа, түскі асқа келіп, шара туралы білді. Дегенмен жәрмеңкеге келгісі келетіндер өте көп болды. Толокаға адам аз келетін шығар деп уайымдағанбыз. Оны балаларға арналғандай етіп өткізуді жоспарладық. Бірақ күдігіміз су сепкендей басылды. Біздің еріктіміз Людмила маған: «Аня, өтініш, адамдарды шақырмаңызшы, орын жетпей жатыр. Кафедегі барлық орындықты алдық, клиенттерді отырғызатын орындық жоқ!» деді. Вышиванка, гүл шоқтарын жасайтын тамаша қыздар келді, олар украин тілінде жақсы сөйлейді. Жаныма сондай ыстық батты, Отанымның бір бөлігімен кездескендей болдым. Шынымен, сондай жылы кездесу болды. Әрине, қызығушылық танытпаған адамдар да болды. Бірақ біз оған мән бермейміз. Көмектесу деген ниет — не бар, не жоқ. Мәжбүрлей алмайсың.
— Жобаға еріктілер қалай келеді?
— Әртүрлі жағдаймен келеді. Көбіне адамдар толокаға келіп, «періштелерді» жасайды. Бұл бір ұшқын секілді. «Періште» жасап көрмесеңіз, не туралы айтып тұрғанымды түсінбейсіз. Мұндай жылы, нәзік, жарқын сезімді соңғы рет көшеден тауып алған күшікті асырайтын үй тапқанда сезінгенмін. Жыл өткеннен кейін көшеде үлкен итті серуендетіп жүрген қызды кездестірдім. Міне, осы ерекше сезім болды — өзгенің өмірін құтқарып қалғаныңды түсінесің. Ал, мұнда екі сиқырлы «қалдықтан» «періште»-қуыршақ жасап, адам өмірін құтқарасың. Мұны сезіну… сондай тұңғиық, шынайы қуаныш! Адамдар келгенде содан шабыт алатын шығар. Мен үшін солай, басқалар үшін де солай ма, білмеймін… Содан кейін алға жылжу деген ниет пайда болады. Адамдар аздық етіп жатқанын түсініп, көмектесуге келеді. Көбі ұялады, толокаға келуге қорқады. Олар не айту, не істеу керегін білмейді, біз көмектесеміз, айтамыз. Содан кейін адамдар қалады. Әркім өзіне бір іс тауып алады. Кей спикерлер біздің қатысушыларымыз бен кинаматография, тарих, украин тіліне қызығатындар үшін қызық дәрістер өткізеді. Олар керемет адамдар! Олармен жай сөйлесудің өзі ғанибет, ал дәріс өткізгені тіпті… Бұл сондай тамаша (күледі).
— Дәрістің алдында қайырымдылық жасау керек пе?
— Мұны кез келген уақытта жасауға кеңес береміз. Кез келген көмекті дәріске дейін және кейін де жасауға болады. Донаттың мөлшерін де «мұнша» деп қоймадық. Бірақ әрине мұндай шараларға шығындаламыз — орынды, жабдықтарды жалға аламыз, дизайнер, техника қызметтеріне жүгінеміз. Біреу мың донат, біреуі одан да көп — бәрі адамның қаржылай мүмкіндіктеріне байланысты.
Ал, мұнда екі сиқырлы «қалдықтан» «періште»-қуыршақ жасап, адам өмірін құтқарасың. Мұны сезіну… сондай тұңғиық, шынайы қуаныш! Содан кейін адамдар қалады. Әркім өзіне бір іс тауып алады.
— Анна, мына тіркесті жылғастырыңыз, «Еркіндік Періштелері — бұл…»?
— Сөзсіз, қайырымдылық жасап, көмектесу мүмкіндіктерінің бірі. Қол қусырып отыру, жай қайғыру емес, жақсылық үшін әрекет ету. «Еркіндік Періштелері» — қауіпсіздік, білім, біздің болашағамыз. Мен көпбалалы ана ретінде мұны шүбәсіз түсінемін.
Автор: Татьяна Правдина
Еркіндік Періштелері
Еріктілермен сұхбаттар