«Еркіндік Періштелері» жобасының мүшесі болған жұп — украин-орыс отбасымен сұхбат

«Біз адамбыз. Адамдар бір-біріне көмектесуі керек»

26 қыркүйек 2023
2022 жылдың 24 ақпанында көптеген украин-ресейлік некелер бұзылды. Дегенмен соғыс сынақтарына төтеп беріп, бірге болуға күш тапқан жағдайлар да бар. Осындай мысалдардың бірі — Вячеслав пен Кристинаның оқиғасы. Екі түрлі ұлтқа жататынына қарамастан, олар мемлекетаралық қақтығысты бірдей қабылдады. Қазір Вячеслав пен Кристина Қазақстанда тұрады, жұмыс істейді және волонтерлік қызметпен айналысады. Біз олармен «Еркіндік Періштелеріне» көмектесу неліктен маңызды, бұл қаншалықты оңай немесе қиын, жобаға қатысу кезінде оларды не таңғалдырғаны туралы сөйлестік.
Қазақстандықтардың көмегі зор. Бұл шынымен де солай. Мен мұны жәрмеңкелерде көремін, қолдау сөздерін естимін. Адамдар менің Украинадан екенімді білгенде: «Бекем болыңыз!» дейді. Бұл өте жақсы. Қатты шабыттандырады!
Кристина
Білесіз бе, мен қазақтардың жәрдемдесуге құштар екеніне, олардың түсіністігі мен көмектесуге деген ұмтылысына таңғалдым. Екіншіден, мен үшін орыс ретінде ресейліктердің жауабын көру маңызды болды. Олар келгенде мен қалай сипаттау керегін де білмеймін. Адам жақындайды, ол өзінің кінәлі екенін түсінеді — дәлірек айтсақ, [Украинада болып жатқан оқиғалар үшін] кінәнің бір бөлігін өзіне жүктейді.
Вячеслав
— Cәлеметсіз бе! Өзіңіз туралы айтып берсеңіз: Ресейде қандай жұмыс істедіңіз және Қазақстанға қалай келдіңіз?
Вячеслав: Мәскеуде электр пойыздың машинисі болдым. Қазақстанға 2022 жылдың қарашасында келдім. Себебін бәрі біледі деп ойлаймын. Алдымен Оралға келдік, онда екі апта болып, әрі қарай не істейтінімізді ойладық. Дегенмен соңында Қазақстанның елордасы — Астанаға келейік деп шештік. Мұнда елшіліктер көп және әрі қарай не болатынын осында ойлаймыз деп келдік. Қалада серуендеп жүргенде «Еркіндік Періштелері» жобасы туралы еріктілерден естідік.
— Жобаға неге қызықтыңыз? Неліктен оған көмектесу сіз үшін маңызды болды?
Кристина: Менің ойымша, бұл жобаға көмектесу Украинаға көмектескеннен де маңызды еді. Мен Украинадан, күйеуім Ресейден. Соғыс басталған кезде, әрине, шок, трагедия болды. Ал Ресейде Украина тұрғындарына қандай да бір жолмен көмектесу үшін бірдеңе істеу мүмкін емес. Біз мұнда келгенде қолдау көрсететін жол іздедік. «Еркіндік Періштелерінен» басқа тағы бір жобаға қатысамын — біз кәдесый өнімдерін сатамыз.
Вячеслав пен Кристина Abu-Dhabi Plaza-дағы жәрмеңкеде, Астана
Вячеслав жәрмеңкеде, 2023 жазы
Кристина Астанадағы Koktem Fest жәрмеңкесінде
— Кристина, Ресейде ұзақ тұрдыңыз ба?
Кристина: Мен Ресейде 2006 жылдан бері тұрдым. Жұмыс істеуге келдім, кейін институтқа түстім. Достарым болды және барлық өмірім сонда өтті. Украинаның азаматымын, ауыстырмадым. Кейін Славамен танысып, үйлендік және Мәскеуде тұруды жоспарладық. Саяси жағдай шиеленіскенін көріп жүрдік: кез келген келіспеушілік қысымға ұшырады, адамның құқығы бұзылды… қазір қандай жағдай екенін айтпай-ақ қояйын…
— Ал, қазір кім болып істейсіз?
Кристина: Мен туризм менеджерімін. Осында, яғни Қазақстанға келіп осы саланы бастадым (күледі). Жалпы «Сервис. Туризм» саласында білім алғанмын. Бірақ Қазақстанға келгенге дейін мамандығыммен жұмыс істемедім. Ең қызығы, мұнда ішкі туризммен айналысамын. Қазір Қазақстанды, оның көрікті жерлерін, мәдениетін және салт-дәстүрін үйреніп жүрмін.
Толокаларда әртүрлі ұлт өкілдері, кейбір мәселеге әртүрлі көзқарастағы адамдар бір үстелге отыра алады және ортақ мүдделерді таба алады. Олар отырады, сөйлеседі және ешқандай қақтығыс болмайды. Өйткені оларды біріктіретін бір идея — бейбітшілік.
— Сіздер үшін 24 ақпандағы оқиғалар тосыннан болды ма, әлде соған қарай келе жатқандай сездіңіз бе?
Кристина: Мен жаңа жылдан бастап қауіп-қатер туралы алаңдай бастадым. Бірақ, көптеген адам сияқты, мен де қақтығыс шығыста басталатынына сенімді болдым.

Вячеслав: Яғни, барлығы Ресей 2014 жылдан бері басып алынған аумақтарға Донбасс әскерлерін енгізеді және осымен бәрі шектеледі деп ойлады.

Кристина: Иә, әрине, ешкім толық басып кіруді күткен жоқ.
— Ал сіз қазір Украинадағы туыстарыңызбен сөйлесіп тұрасыз ба?
Кристина: Иә. Менің ата-анам, бауырым, олардың отбасы, достарым, туыстарым бар.
— Соғыстан кейін сіз олармен қандай қарым-қатынаста болдыңыз? Келіспеушіліктер болды ма?
Кристина: Мұның бәрі Ресейде тұратын адамның соғыс басталғаннан кейін өзін қалай ұстағанына байланысты. Біз жақын, жақсы қарым-қатынасты сақтадық, өйткені бұл соғыстың себептері мен кінәлілері туралы ешқандай келіспеушіліктер болған жоқ.

Вячеслав: Иә, адам үшін қара-қара, ал ақ-ақ болған кезде жанжал болмайды.

Кристина: Украинада біз әлі де араласатын көптеген досымыз бар. Қарым-қатынасты тоқтатқан бірнеше таныстар бар. Бір-екі адам. Бірақ біз олармен жиі араласпадық. Соғыстан кейін олар жауап беруді мүлдем тоқтатты. Мен олардың бұған себептері болуы мүмкін екенін түсінемін.
Жобаға қатысу — көмектесу мүмкіндігі. Біз адамбыз. Ал адамдар бір-біріне көмектесуі керек.
— Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
Вячеслав: Жағдайға қарағанда соғыс ұзаққа созылатын сияқты. 2024 жылы да болатыны анық. Біз, әрине, қазіргі режимде Ресейге орала алмаймыз.

Кристина: Айтарлықтай жоспарымыз жоқ. 24 ақпаннан бастап біз күнде соғыс болып жатқан шындықта өмір сүріп жатырмыз.

Вячеслав: Үнемі жаңалық оқимыз, үнемі телефон ұстаймыз. Жалғыз тілек — бәрі аяқталғаннан кейін ештеңе көрмеу, ештеңе оқымау үшін барлық телеграм-арналарды өшіремін. Шынымды айтсам, мен бұл жаңалықтармен өмір сүргім келмейді. Таңертең тұрасың — жаңалықтар, солармен ұйықтайсың.

Кристина: Ойыңды басқаға бұру мүмкін емес, өйткені туыстарымыз сонда. Үнемі бомбалау, әуе дабылдары бар, әйтеуір бір нәрсе болып тұрады. Біз қоңырау шалып, туыстарымызды алғаш рет жертөледе көргенде, шок болдық (дауыс үзілді).
— «Еркіндік Періштелері» жобасында немен айналысасыз?
Вячеслав: Мен қарапайым еріктімін: жәрмеңкелерге, кейде толокаларға қатысамын. Қазір көп қатыса алмаймын, себебі жұмысым көп. Сондай-ақ, екінші жобада жұбайыма көмектесемін. Жәрмеңкелер әдетте демалыс күндері өтеді, сондықтан оларға әрдайым қатысуға тырысамын.
— Сіздің алғашқы жәрмеңкеңіз Кристинамен бірге болды ма? Алғашқы әсеріңіз қандай болды?
Вячеслав: Иә, біз бірге шықтық. Сол кезде ресейліктер көптеп келді. Мен жұмылдыру туралы хабарландырудан кейін осында келгендердің қолдауын сезіндім. Көп қайырымдылық жасалды. Олардың арасында адекват адамдар бар екенін көру маңызды болды.
— Жәрмеңкелерге қатысқанда есте қалған қандай сәттер болды?
Вячеслав: Білесіз бе, мен қазақтардың жәрдемдесуге құштар екеніне, олардың түсіністігі мен көмектесуге деген ұмтылысына таңғалдым. Екіншіден, мен үшін орыс ретінде ресейліктердің жауабын көру маңызды болды. Олар келгенде мен қалай сипаттау керегін де білмеймін. Адам жақындайды, ол өзінің кінәлі екенін түсінеді — дәлірек айтсақ, [Украинада болып жатқан оқиғалар үшін] кінәнің бір бөлігін өзіне жүктейді. Бір жігіттің жақындап, қайырымдылық жасай бастағаны есімде: ол бір купьюраны, екіншісін, үшіншісін салды. Біз: «рақмет, рақмет!». Ол: «иә, маған «рақмет» айтудың қажеті жоқ, Мен Ресейденмін», — деп жауап береді. Бұл есте қалды. Тіпті [қоныс аударған] ресейліктердің көзқарасы, олардың мінез-құлқы бойынша, олар елінің не істеп жатқанынана ұялатынын көрсетеді. Тіпті қандай да бір жолмен оларды: «Мен де Ресейденмін, біз қолымыздан келгенше көмектесеміз» деген сөздермен жігерлендіруге тырысамын.
— Негатив болған кездер болды ма?
Вячеслав: Иә, негатив болды. Бірақ қолдау мен қатысудың жағымды эмоциялары кез келген негативті жабады.

Кристина: Негатив дегенде сондай бір ашық негатив болған жоқ. Біз тарапымызға сөздер айту, біздің қызметімізге және Украинаны қолдайтындығымызға наразылық білдіру бар.
— Меніңше, Ресейде мұндайды естіген шығарсыздар…
Кристина: Біз Ресейде болған кезде айналамыздағы барлық адаммен дерлік байланысты үздік, өйткені бұл мәселеге қатысты әртүрлі көзқарас болды. Және «өлілер патшалығында» өмір сүріп жатқандай болдық. Сіз ешкіммен сөйлесе алмайсыз, ештеңе айта алмайсыз, өйткені сіз күткен, бірақ естігіңіз келмейтін реакцияны алатыныңызды түсінесіз. Біз осында келіп, Қазақстан мен Ресейден келген басқа балалармен сөйлесе бастағанда, әлі де үміт бар деген сенім пайда болды.
— Ал сізде, Кристина, ерікті болып жүргенде таңғалдырған сәттер болды ма?
Кристина: Қазақстандықтардың көмегі зор. Бұл шынымен де солай. Мен мұны жәрмеңкелерде көремін, қолдау сөздерін естимін. Адамдар менің Украинадан екенімді білгенде: «Бекем болыңыз!» дейді. Бұл өте жақсы. Қатты шабыттандырады! Алға жылжу үшін күш пайда болады. Есте қалған адамдар туралы айтар болсам, алғашқы жәрмеңкелердің бірінде табысы көп емес екені көрініп тұрған адам болды. Ол біздің айналшықтап жүрді, жақындады, сұрады, қайтадан кетіп қалды, содан кейін қайта келіп, аз мөлшерде донат жасады. Ол үшін мұны істеу маңызды екенін көрсетті.

Вячеслав: Ол аз мөлшерде берді, бірақ ол үшін бұл айтарлықтай болды.

Кристина: Бұл жүректі елжіретті.
— Жәрмеңкелерге қатысу қиын ба? Кейбір еріктілерге қиын болуы мүмкін, өйткені олар бұған дейін ешқашан ештеңе сатпаған.
Кристина: Мұнда біз ештеңе сатпаймыз, адамдарға Украинаның балаларына көмектесуді ұсынамыз және алғыс ретінде періште береміз. Бұл жобаның ерекшелігі. Менің ойымша, сату бұл жобадан да оңай. Мұнда сіз адаммен сөйлесіп, идеяны жеткізуіңіз керек.

Вячеслав: Өзімізді таныстыру, не істейміз және не үшін жасап жатқанымызды айтып береміз. Мұнда қарым-қатынас маңызды.

Кристина: Бірінші рет, мүмкін, сіз өзіңізді аздап жайсыз сезінесіз. Бірақ бұл тез өтеді.
Наталья мен Кристина Астанада жәрмеңкеде, қараша 2022
— Ал адамдар қандай сұрақтар қояды? Немесе сіз әңгімені неден бастайсыз?
Кристина: Әдетте адамдар біздің үстелдерді көргенде қызығады. Өйткені «періштелердің» өздері өте ерекше көрінеді. Жәрмеңкеге барғанда, сіз басқа нәрсені — зергерлік бұйымдарды, әдеттегіден басқа нәрсені көресіз деп күтесіз. Ал сіз әдеттен тыс нәрсені көргенде, бұл не деген сұрақ туындайды. Адамдар жақындайды, қызығушылық танытады және сол кезде біз диалог бастаймыз.
— Сіз Украинадағы қираған мектептер туралы қалай айтасыз? Бұл өте ауыр және қорқынышты тақырып қой.
Вячеслав: Жалпы, соғыстың не екенін түсіндіру қиын емес. Бұл әрқашан қайғы, өлім және жойылу. Біз диалогты еріктілер жобасы ретінде бастаймыз, Украинадағы мектептерді бомбалаудан кейін қалпына келтіруге көмектесеміз, ондағы бомбадан қорғанатын баспаналарды жабдықтаймыз. Бізде бұл туралы толығырақ оқуға болатын шағын баннер бар.

Кристина: Қазақстанда көптеген адам жағдайды бақылайды. Оларға қазір Украинада қандай трагедия бар екенін түсіндірудің қажеті жоқ.
«Еркіндік Періштелері» — қазір кез келген адам жасай алатын қайырымдылық. Дәл қазір және осы жерде.
— Сіз толокаға қатысқаныңызды айттыңыз. Онда бір үстелде украиндар, орыстар, қазақтар, белорустар және Қырым татарлары болуы мүмкін сіз бұл қоғамдастықта өзіңізді қалай сезіндіңіз? Бұл сізге біртүрлі немесе, керісінше, өте органикалық болып көрінді ме?
Вячеслав: Бұл біртүрлі болып көрінбеді. Керісінше, бұл әртүрлі ұлт өкілдері, кейбір мәселеге әртүрлі көзқарастағы адамдар бір үстелге отыра алады және ортақ мүдделерді таба алады дегенді білдіреді. Олар отырады, сөйлеседі және ешқандай қақтығыс болмайды. Өйткені оларды біріктіретін бір идея — бейбітшілік. Бұл жақындастырады.
— Жобаға қосылғаныңызға қанша уақыт болды?
Вячеслав: Жыл болып қалды.
— Осы уақыт ішінде сіз өзіңіз немесе басқалар орыстар, украиндар, қазақтар туралы жаңа нәрсе білдіңіз бе?
Вячеслав: Соғыс басталғаннан бері орыстар туралы көп нәрсе білуге тура келді. Жобаға қатысқан кезде жақсы нәрсеге деген сенім қайта оралады. Соңғы жәрмеңкеге бір ер адам келді. Ол донат жасады, мен оған: «біздің жобаны еске алу үшін мына мотанка қуыршағын алыңыз. Біз оны өзіміз жасаймыз» дедім. Маған ол: «Мен оны ала алмаймын. Тамағымда тұрып қалғандай сезім болады». Неге деген сұраққа ол: «Мен орыспын, бірақ мен Америкада 20 жыл тұрдым, осында келдім, соғыс басталды. Мен өзімнің жеке жауапкершілігімді және не болып жатқанына кінәлі сезінемін». Мен үшін қайғылы оқиғаның қиындығын түсінетін адамдармен танысу ұмытылмас әсер қалдырады.
Вячеслав пен Кристина Астанада жәрмеңкеде, желтоқсан 2022
Вячеслав пен Аэлита Астанада жәрмеңкеде, тамыз 2023
«Еркіндік Періштелері» кеңсесіндегі шаңырақтағы періштелер
— «Еркіндік Періштелері» жобасы Сіз үшін нені білдіреді?
Вячеслав: Адам болып қалу мүмкіндігі.

Кристина: Көмектесу мүмкіндігі. Біз адамбыз. Ал адамдар бір-біріне көмектесуі керек.
— Жобаға одан әрі қатысуды жоспарлап отырсыз ба?
Вячеслав: Иә, мүмкіндігінше көмектесеміз.
— Ерікті болуға қолыңыз тие ме?
Вячеслав: Қатты емес. Өйткені жұмысымыз көп уақыт алады. Кристина тәулігіне 12 сағат жұмыс істейді, мен сәл аздау, бірақ бәрібір үйге жеткенше шаршап қаламыз. Үйдің тірлігі де бар. Сондықтан толокаға қатыса беру қиындау. Жәрмеңке демалыс күні болғандықтан, оңай. Соған уақыт таба аламыз.

Кристина: Уақыт жетпейді. Мен тіпті Қазақстандағыдай аз уақыт еш жерде болған емес деп қалжыңдаймын. Мұнда әр минутымыз бос емес. Бірақ уақыт аз болғанына қарамастан, бұл бізге қолдау білдіреді және берілмеуге көмектеседі.
— «“Еркіндік Періштелері” — бұл…» фразаны жалғастырыңыз.
Вячеслав: Бұл бейбітшілік символы, тәуелсіздік үшін күрес шығар. Мен қатты әсірелеген болуым да мүмкін (күледі).

Кристина: Бұл — қазір кез келген адам жасай алатын қайырымдылық. Дәл қазір және осы жерде.
Автор: Татьяна Правдина
Еркіндік Періштелері
Еріктілермен сұхбаттар